Қазақ тілі сабағы- ұлттық тәрбие құралы
«Қытайлықтар ұлы қытай қорғанын, итальяндықтар сазды әуенімен таң қалдырса,
қазақ халқы ұлттық құндылықтар мен бай тілін мақтан етеді». М. Әуезов.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі- әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жылпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде балабақщада атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші- ата-анасынан, екіншісі- ұстазынан, үшіншісі- құрбысынан»,- деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби- педагогикалық оқулықтарға енгізген М. Жұмабаев болды. Сонымен қатар ұлттық тәрбие беру мәселесі Әл-Фарабидің, Ж. Баласағунидің, М. Қашқаридің, А. Құнанбаевтың, Ш. Уәлихановтың еңбектерінде көрініс табады.
Ұлттық тәрбие беру –ұрпақ санасына ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан өз ұлтымыздың жауһарларын сіңіру болып табылады. Ұлттық тәрбие берудің мақсаты ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, патриоттық тәрбие беру, тұлғаның жоғары рухани- адамгершілік қасиетін тәрбиелеу, ғылыми дүниетанымын қалыптастыру, ұлтаралық мәдени даму мен қалыптасуды өзге ұлттар ерекшеліктерімен жақындастырумен ашылады.
Біздің дана халқымыз қай кезеңде де ұрпақ тәрбиесіне ұлт болашағы деп қарап, үлкен көңіл берген. Олай болса, біздің ұлт болып қалыптасып, ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін де біздің халқымыздың жоғын жоқтап, мүддесін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеуіміз басты міндеттердің бірі. Сондықтан, мына біздер, әсіресе ұстаздар қауымы ұлттық тәрбие- ел болашағы деп қарауымыз шарт. Олай болса, біздің ұлт болып қалыптасып, ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін де біздің халқымыздың жоғын жоқтап, мүддесін қорғайтын ұрпақ тәрбиелеуіміз басты міндеттерінің бірі.
«Тәрбие- тал бесіктен басталады»,- деген дана халқымыз. Демек, баланың қоғамға өзіндік пайдасын тигізер тұлға болып дамып жетілуіне бірден-бір ықпал ететін орын- балабақша. Тек қана отбасындағы тәрбие баланың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуына аздық етеді. Осы арада «балабақшадағы ұлттық тәрбиені неден бастауымыз керек? деген сұрақ туындайды.
Біздің халқымызда атадан балаға мирас болып қалған мұралар сан алуан. Балалардың жасына сай қажеттілігіне жауап бере алатын бірден-бір тәрбие құралы- халық ауыз әдебиеті үлгілері. Қазақ халқының тұрмыс- салтын, арман үмітін, өткен өмірін кеңінен танытатын және балалардың ең сүйіп тындайтын ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі – ертегілер. Ертегілердің тәрбиелік мәні зор. Мұндағы мақсат – ертегіні әңгімелеуге үйрете отырып, оқылған ертегіні шыдамдылықпен тыңдай білуге үйрету болып табылады. Балаларға «Жыл басына таласқан хайуанаттар», «Мақта қыз бен мысық», «Алдар Көсе», «Жиренше» сияқты қазақ ертегілерін оқыған кейін оларды сахналау немесе үстел үсті театры арқылы көрсету керек. Ертегілердің қойылымдарын жасап, оларды сахналаудың жеке тұлғаның қалыптасуына әсері мен ықпалы, тәрбиелік мәні ерекше.
Халық ауыз әдебиетінің келесі саласы- ұлттық ойындар. Әрбір ойындардың тәрбиелік мақсаттары болады. Өз жұмысымда пайдаланатын «Ақсерек-Көксерек», «Орамал тастамақ», «Тақия», «Кетті, кетті орамал», «Арқан тартыс» сияқты ұлттық ойындары қайрат пен жігерді, байқампаздық пен сезімталдықты дамытса, «Ұшты, ұшты» ойыны ойлау қабілетін дамытады.
«Бірінші байлық- денсаулық» дейді халық, ал ойын денсаулықтың кепілі. Сондықтан балабақшадан бастап таңертенгі жаттығы мен сергіту сәттерін, саусақтар ойындарын қолдану керек. Ойын неғұрлым көңілді өту үшін, ойын өлеңдерін жатқа білу дұрыс.
Мысалы «Қуырмаш» ойынындағы:
Мына жерде- қант бар,
Мына жерде- жент бар,
Мына жерде- қатық бар,
Мына жерде- қытық бар, - деп қытықтай ойнау баланы сөзсіз күлдіреді.
«Ақсерек-Көксерек» ойынындағы
Бізге сұлу қыз керек!
Сіздей сұлу қыз керек!
Бізге күшті ер керек!
Өзің керек- Райымбек!- деген өлең ойнаушыны ынталандырады.
Ойын- халықтың баланы әдептілікке баулитын тәрбиелік құралы. Сондықтан әрбір ойынның мазмұнын түсіндіріп, әдеппен, тәртіппен ойнауға үйрету қажет. Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды.
Баланың ойы дамып, дүниетанымы қалыптасып, нағыз адам болуы үшін, ол ана тілінде ана тілінде сөйлеу шеберлігін үйренуі тиіс. Ана тіліміздің баға жетпес қасиетін ұлы ақын Абай Құнанбаев «Өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас»,- деп жоғары бағалаған. Халқымызда тілі шыға бастаған бөбектің тілін дамытып, ойы мен қиялын шарықтату үшін тілашар дәстүрін қалыптастырып, оны салтқа айналдырған. Сондықтан балабақшадағы бүлдіршіндерді халық ауыз әдебиеті үлгілерімен таныстырып, мектепке барғанға дейін тілашар дәстүрі бойынша жаңылтпаштарды, санамақтарды, жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді үйреніп, ертегіні баяндауға үйренуі тиіс. Жастайынан осыларды естіп, ұлттық бұлақтан сусындап нәр алған бала ешқашан да ұлттық келбетін жоймайды
Шешендік, көркем сөздер мен мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақтар баланы мәнерлі, көркем сөйлеуге, шешендікке үйретеді, адамгершілікке, сұлулыққа, тапқырлыққа, еңбек сүйіспеншілікке тәрбиелейді.
«Жақсы бала- арлы бала, жаман бала-сорлы бала»,- деген мақал-мәтелдер еңбекке, өнер-білімді үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Сонымен бірге ұлттық тәрбие негізінде өз халқының мәдениетін, тарихын, өнерін сүю арқылы басқа халықтардың да тілі мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайтын нағыз мәдениетті азамат қалыптасады. Қазақ халқының әлеуметтік өмірінде үлкенді сыйлау ұлттық дәстүрге айналған. Отбасында, балабақшада , қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі. Сондықтан балабақшадан бастап ұлттық тәрбие мен білім беруге үлкен назар аудару керек. Музыка сабағында шығармалардың авторы мен айтыс, халық әндері, ұлттық би өнері туралы тәрбиенушілерге тереңірек білім беру керек. Қазақ тілі, қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту сабақтарында ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар, сәндік-қолданбалы өнер түрлерімен таныстыру қажет. Зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, киіз үй жабдықтары оларды өрнектеген ою-өрнек түрлерімен таныстыру арқылы балалар халықтың шеберлігін, әсемдігін көре білуге үйренеді.
Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, адамгершілігі мол, иманжүзді, халқын, елін, туған жерін, оның табиғатын сүйетін ұлтжанды, ата-бабамыз армандаған «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болып өседі.
Еліміздің жаңа ұрпақтарын жаңаша оқытумен бірге ұлттық рухани тәрбие беру мәселесін жүзеге асыру қазақ тілінен сабақ беріп жүрген мұғалімдер қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі талап қазақ тілі сабақтарын оқыта отырып балалардың санасына туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін қалыптастыру, ұлттық рухты сіңіру.